БҮГІН КӨМЕКТІҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Бұл туралы Nur Otan партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің Instagram парақшасында жазды. Қазақ елін Қасиетті Рамазан айымен құттықтаған ол Елбасының тапсырмасымен құрылған «Birgemiz» қоры аясында 152 мың отбасы 50 мың теңгеден біржолғы көмек алғанын жеткізді. Енді бүгін сол көмектің екінші кезеңі басталды. «Партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен дүйсенбіде, яғни 27 сәуірден бастап мұқтаждарға көмек көрсетудің екінші кезеңі басталмақ. Бұл ретте алдында мұндай көмек алмаған 210 мыңнан астам мұқтаж отбасы қамтылып, оларға 50 мың теңгеден аударылатын болады. Сонымен бірге азық-түлік себеті мен жеке қорғаныс құралдары түріндегі атаулы көмек көрсету де өз жалғасын табады. Қасиетті айда осы бағыттағы игілікті істерді әрі қарай іліп әкетіп, қиналғанға демеу, жабыққанға жебеу болатын қайырымды жандар қатары арта түсетініне сенімдімін», — деп жазды Байбек.

Бұл ретте, Елбасының тапсырмасымен «Nur Otan» партиясы да алғашқы күннен бастап өзінің бүкіл әлеуетін Президент жариялаған коронавируспен күрес шараларын қолдауға, мұқтаждарға көмек ұйымдастыруға жұмылдырғаны белгілі. Соның аясында 76 мың отбасы бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік жағынан әлсіз тұрғындарға 5 миллион маска тегін таратылған болатын. Бұған қоса, қалалық емханаларға онкологиялық аурулармен ауыратын, жүкті әйелдерге және 65 жастан асқан адамдарға 300 мың маска берілген.

Айта кетерлігі, Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Біргеміз» акциясы аясында 2 млн маска бөлінген еді. Ол 40 мың аз қамтылған отбасыға таратылады. Республикалық еріктілер фронт-офисы ұйымдастырған «Біргеміз!» акциясы аясында елордалық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі балаларға 100 мың маска таратылды. 30 мың маска елорда тұрғындарына тегін берілді. Бұл мақсатқа Елордада медициналық масқа тігу өндірісі жолға қойылған.