Сәуле Досжан. Тышқан жылғы дүрбелең

(ертегі)

22- наурызда Күн мен түн теңесіп, ағаш бүршіктеп, төрт түлік мал төлдейтін, аң-құстың тұқымы өрбіп, ұлы табиғат жаңаратын жыл басы келгенде інінен төрт тышқан атып шықты. Үлкен біреуі – Ата тышқан, екіншісі – Ана тышқан. Тағы екеуі – балалары болатын. Қырдың үстіне шығып Ата тышқан жар салды:

– Алақай, биыл біз жыл патшасымыз! Осыны он екі жыл бойы күттік. Енді бір жыл бойы билік құрамыз! Жер бетіндегі жәндік атаулы, хайуанаттар мен адамдардар біздің айтқанымызбен жүреді! Ал, кеттік!,- деп әйелі мен балаларын бастап қара жолмен қалаға қарай тартып береді.

– Әке, біз қалай жыл патшасы боламыз, Адамнан да күштіміз бе?,- деді шиқылдап ұлы.

– Ой, балам-ай, жыл атаулы мына бізден басталады. Адамыңның өзі де тірлігін бізбен есептесіп жасайды!,- деп әбден бөсті әкелері. 

– Әке, біз мысықтан да мықтымыз ба?,- деді кішкентай қызы. 

– Әрине, мысық мықты болса, неге онымен адамдар санаспайды?. 

– Әкесі-ау, алдымен балаларға қалай біздің бабаларымыз жылдың билігін алып бергенін айтып берсеңізші!,- деді әйелі майысып қана. 

Әйеліне өздерінің бабаларын мақтағаны майдай жағып Ата тышқан жетпіс жеті аталары туралы әңгімені бастай жөнелді. 

– Біздің түптің түбіндегі ең ұлы Бабамыз хайуанаттардың жылға таласқан құрылтайына қатысыпты. Жаратушы барлық жануарларды – жылқы бар, түйе бар, барыс пен сиыр бар, тіпті қоян мен әтеш те бар бәріне «кім Күннің шыққанын бірінші көрсе сол – Жылбасы болады. Содан ары қарай он екіңді тізіп әрбір жылдың патшасы жасаймын»,- депті. Содан жануарлар түнімен көз ілмей Шығысқа қарап отырыпты. Түйе болса, «менің бойым бәрінен биік, қиналмай-ақ Күнді бірінші болып көрем, одан да ұйықтай тұрайын»,- деп жатып қалыпты. Бізбің дәу бабамыз өте ақылды да айлалы екен. Жорғалап жотасына шығыпты да құлағының ұшына отырып алып, жан-жауар таласып жатқанда бәрінен бұрын Күнді көріп қалыпты. 

– Алақай, алақай!

Күнді көрдім, алақай!

Қулығыммен, ақылыммен

Бәрін жеңдім, алақай!,- деп жар салыпты. 

Жауарлар таласын тоқтата қойып Шығысқа қараса Күн жарықтың әлемге нұрын шашып көтеріліп келеді дейді. Содан жаратқан ие қалғандарына: Сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, қой, мешін, тауық, ит, доңыз,- деп бір-бір жылдан бөліп беріпті. Ал, түйе әлі ұйықтап жатыпты. Содан халық арасында «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты»,- деген тәмсіл қалыпты. Содан бері он екі жыл бойы күтіп өз билігіміз болатын жылды күтеміз. Міне, биыл біздің жыл!,- деп әңгімелеп беріпті.

Аузы ашыла тыңдаған кішкентай тышқандар енді «біз мықты атаның балалары екеміз ғой, текті екеміз ғой»,- деп мақтанып әке-шешесіне еріп үлкен қалаға келіпті. Алатаудың етегіндегі биік-биік үйлері, қалың ағаштары мен парктері бар, суағарларынан сылдырлап су ағып жататын әсем қаланың ішінде мүлгіген тыныштық. Тіпті бір-біріне жол бермей төбелесіп қала беретін көліктері де жоқ. Халқы құмырсқадай жыбырлап жұмыс істеп, наубайханада наны пісіп, дәмханада асы пісіп, зауыттары мен фабрикаларынан шыққан түтіні аспанға шұбатылып жататын қаланың мына тыныштығы жан шошытады екен. Ата-тышқан бала-шағасымен үрейлері ұшыңқырап тұрғанда алдыларынан дәу қара ит шығады. Бір тірі жан шыққанына қуанған ол:

– Асаламағалейкүм Ит аға!,- дейді қып-қысқа қолын ала жүгіріп. Ит тұмылдырығын киіп алыпты. Созған қолын кері итеріп:

– Сәлем, Тышқан! Қолыңды ұстай алмаймын ренжіме! Биылғы сенің жылың жайсыз басталып тұр!,- деді кейігендей сөз бастап.

– Не болды, менің басталғаным бүгін ғана емес пе?!

– Иә, сен басталмай жатып, Тәжтажал деген бәлені ала келдің. Елді дүрбелеңге салдың,- деп кейіді.

– Тәжтажалы несі?,- деп Ана-тышқан баж ете түсті.

– Тәж сияқты бір вирустан ауру тарады. Ол тиген жерін жалмап барады. Емі жоқ дейді. Мен тұрмақ адамдар да тұмылдырық киіп, қолдарына қолғап киіп, бір-бірімен алыстан ғана амандасады. Қорыққандары сондай, үйлерінен шықпайды. Балаларын бауырларына тауыққа ұқсап басып алып, тек терезелерінен ғана далаға көз салады. Мына жаңалықтан тықшандар шошып қалды. Ана-тышқан:

– Бізге жұқпай ма екен?,- деді.

–  Жоқ, ол ауру жан-жануарларға жұқпайды, тек адамдарға ғана қауіпті екен,- деді. 

– Сонда биыл Науырызды тойламай ма?!,- деді Ата-тышқан мұңайып.

– Қайдағы той, үйлерінен шықпайды. Тауға шығып жауқазын да термейді. Былай иіскеші, қаланың іші доғдырхана сияқты дәрі сасып кетті,- деп Ит мұрнын көке көтеріп иіскеп, тіпті ұлып жіберді.

Төрт тышқан да ауаны иіскеп қалып еді, шынында қайран алма иісі аңқитын қала дәрі сасып кетіпті. Ана-тышқан балаларына:

– Қап, енді қайттік! Баяғыда адамдар осы Наурыз келгенде «Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз келді!»- деп қуанып, наурыз көже пісіріп, бір-бірімен «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, бәле-жала жерге енсін» деп амандасатын. Олар мерекелеп жатқанда біз қазан-ошақ жақты жағалап бір тоятынбыз. Ойын-сауықтары апталарға ұласып бір берекелі ай болатын. Енді аш қалатын болдыңдар-ау, балаларым,- деп жыламсырап кетті.

– Тәйт, ары жаманшылық шақырмай!,- деп Ата-тышқан әйеліне зекіп жіберді,- бір мәнісі болар. Адамдар бар жерде ырыс бар. Олардың үйлеріне кірсек те аш болмаймыз,- деді сенімді түрде.

– Негізі адамдар деген күшті! Қазір олар Тәжтажалмен күресіп жатыр. Жақында бәрін жеңіп сыртқа шығады. Қайнаған тірлік басталады. Әзірге адамдар қоқысқа көп тамақ тастайды, соны жейміз, сендерге де жетеді,- деп қойды Ит.

– Ал, жақсы онда, біз қаланы шарлайық!,- деп қоштасты Итпен.

Бағана «Мен Жылбасымын! Жыл Патшасымын!,- деп бөсіп келе жатқан Ата-тышқан жасып қалды. Жанындағы отбасы да үрпиісіп бір-біріне қарады. 

Олар тағы біраз жүрген соң Ана-тышқан алыстан ала мысықты байқап қалды. Жаұшыра:

– Ойбай, мысық!,- деп шыңғырып жіберді. Аалдында келе жатқан Ата-тышқан алақ-жұлақ жан-жағына қарады. Балалар анасының құйрығына жармаса кетті. 

Жолдың ар жағына бір ала мысық жотасын күжірейтіп бұларға сес көрсетті. Ата жауын көргендей алдыңғы екі аяғымен жер тіреп, басын қайқайта қарайды. Оның қаһарын алыстан сезген Ата-тышқанның зәресі ұшып:

– Қашыңдар! Тығылыңдар!,- деді де өзі алдыға түсіп зымырады. Үшеуі соңынан еріп келеді. Құдай сақтағанда, ала мысықты адастырып кетті.

Үлкенді-кішілі төрт тышқан сол зытқаннан зытып отырып Орталық демалыс саябағынан бірақ шықты. Мұнда да адам шошырлық тыныштық. Заман-ай, бір кезде мына дәу қақпадан адамдар кіріп-шығып, бақ ішінде ән шырқалып, балалар неше түрі әткешектерге тербеліп, күліп-ойнап жататын. Анау, асхананың маңында аста-төк тамақ болатын. Алыстан тамақ иісі мұрныңды жарып, шақыратын. Бүгін ешқандай иіс жоқ. Есіктері тарса жабық. Қоқыс жәшігі қаңғырлап бос тұр. Сонда да үмітсіз шайтан деп жақындай беріп еді, жәшіктердің артында екі мысық бажылдасып төбелесіп, әлденеге таласып жатыр. О, сорлағандар-ай, аш шығар! Тышқандар олардың көлеңкесінен шошып тағы қаша жөнелді. Өздері аш, әбден шаршаған еді. Ең кішкентайлары:

– Осы мысық дегеннен қашып-ақ, өлетін болдық қой! Әке, неге сонша қорқамыз?,- деді бұртиып.

– Ойбай, өшір үніңді! Ол біздің бабаларымыздың ата жауы!,- деп тап берді әкесі.

– Біздің бабамыз ақылды, айлалы деп едіңіз ғой, Жыл басы болғанда,- деді екінші бала-тышқан.

– Сол айлалылығынан ғана мысық деген бәленің қолына түспей жүрміз. Әйтпесе, ол нақұрыс бізді түтіп жейді,- деді аналары.

– Бұл дүниеде әділет жоқ қой! Әйтпесе, адамдар Жылбасы деп мойындаған тышқан әулетін жүні жалбыраған мысық басына ма?!,- деп күйінді Ата-тышқан.

– Әкесі, сабыр етіңіз! Жаратушының жазған Заңын кім бұза алады. Күштінің аты – күшті! Бізді соған бағынышты етіп қойды ғой,- деп көзіне жас алды Ана-тышқан.

«Мысық деген жер бетіндегі күшті жануар екен ғой!»,- деп ойлады бала-тышқандар.

Төртеуі сол жүргеннен хайуанаттар паркіне жетті. Мұнда да жан көрінбейді. Бірақ айқайлаған, бажылдаған, шыңғырған, қыңсылаған сұмдық үндер естіледі. Хайуандардың бәрі темір тордың арғы жағында екен. Ана жерде – бақырып Піл, одан ары – ақырып Арыстан, тағы бір жерде – ұлып қасқыр, енді біреуінде – қыңсылап түлкі, тағы бір қоршауда – қорбаңдаған Аю, жанары жәудіреген –елік, жанында – тәуешкі, солай бірінен-бірі күшті аңдардың бәрі қамақта. Ендігі бір шағындау қоршаудан – маймыл, жанында – қоян, тотықұс, қырғауыл, дәу жылан, домаланған тасбақа, кірпі көрінді. Ата-тышқан:

– Мыналардың хал-жағдайын білейік,- деді ана-тышқанға.

– Қойыңыз, аш болса бізді жеп қояр,- деді әйелі.

– Бұлар тышқан етін жемейді, оларға арнайы тамақ беріледі. Әрі олар қоршауда тұр. Бізге тиісе алмайды. Біз азаттықтамыз. Керек болса қаша жөнелеміз. Балалар, көрдіңдер ме, басың азат болған қалай жақсы. Ана Арыстанның ақырғанын қайтейін, қамауда тұрып айбаттанып. Біз кішкентай болсақ та азатпыз. Өз бостандығымыз өзімізде. Соның арқасында міне, ел көріп, жер шарлап жүрміз,- деп мақтанды әкелері.

– Мен ана маймылмен сөйлесіп келейін,- деп торға асылып тұрған маймылға таяу барып:

– Маймыл, қалың қалай?,- деп амандасып басын иді.

– Сәлем, жыл басы – Тышқан!,- деді маймыл да басын иіп. 

Өзін Жылбасы дегенге масайраған тышқан:

– Не болды, бұрын торыңда секіріп жан таппаушы еді, басылып қалыпсың ғой?

– Ой, Тышеке, сұрама! Адам баласына «тәжтажал» деген бір ауру келіп үйлерінен шықпай қалды. Бізге жоламайды. Тамағымыз ды да өте аз береді. Бұрын осынан ары-бері өтіп, бізді тамашалап, балалары маған банан, тәтті нан лақтыратын. Қағып алып тамсана жейтінмін. Ендігі тұрысым мынау – ешкімге крегім жоқ,- деп жыламсырады басы салбырап. 

– Біздің қызығымыз да қуанышымыз да Адамдар екен. Маған сәбіз бен алманы үйіп тастайтын. Кірпіге де сөйтетін. Ендігі жатысымызды қара бүрісіп,- деп ана жақтан қоян шағынды. Шаңқ-шаңқ етіп тотықұс:

– Тышқан, досым, Адамдар ең сұлу қыздарын тотыдайын таранған деп мені қатты бағалап, қанатымнан түскен қауырсынды төрлеріне іліп қадірлейтін. Міне, мына жаман аурудан шошып байқұс Адамдар біз тұрмақ өз туыстарына бармайды. Соларға деген сағыныштан өлетін болдым!,- деп өксіп-өксіп жылады тотықұс.

– Адамдарға керек болса уымды берейін ана тәжтажалдың емі табылмай жатыр дейді, дәрі жасасын, менен сәлем айта бар! Сен бізге қарағанда бостандықтасың ғой, тышқан. Өзің биыл жыл Патшасы болдың!,- деп жылан басын көтеріп сәлем жолдады. 

Атта-тышқан әйелі мен балаларының алдында марқайып қоршаудағыларға қарап:

– Хайуанат ағайындар! Жылбасы ретінде сәлемдеріңді Адамдарға жеткіземін! Сендер де шыдаңдар, жақында Адамдар карантиннен құтылады. Қалаға шығып, далаға шығып тірліктеріне кіріседі. Сендерге келеді,- деп үміттендірді.

– Өзің аман бол, Тышеке!,- деп хайуандар өз қоршауларында тұрып қолдарын бұлғасты.

Үлкен жауапкершілік жүктеген Ата-тышқан отбасы мүшелерімен қолұстаса жүгірген қалпы қаланың ішіне барып Адамның үйіне кірді бір тесіктен. Асханада жүрген Адамның анасын көрді. Ол қуып шыға ма деп қорқып еді, тышқанды көрген Ана:

– Ой, Тышқан келіп қалыпты ғой. Бізге Жылбасы келді! Биылғы жыл Тышқан сияқты берекелі де несібелі болады. Ұрпағымыз Тышқанның балаларындай көбейеді!,- деп қуанып, кесеге сүт құйып, жанына піскен ет қойды. Мын құрметке қуанған Ата-тышқан Адамның анасына:

– Адамның Анасы сіздерге жан-жануар атаулы сәлем жолдауда. Адамдарсыз өміріміз өмір емес екен. Тәжтажалдан тезірек құтылып, қайтадан қуана қауышайық! Керек болса қолымызда барымыздан қарасайық, жыланның уынан дәрі жасап берейік!,- деген ыстық сәлемдерін жолдады,- деп басын иіп тұрып тапсырманы жеткізді. 

– Рахмет, елші Тышқан! Қазір әлемдегі адамзат атаулы бірігіп жатыр «Біз бәріміз біргеміз!»,- деген ұран астында. Адамдар бірге болғанда жеңілмейтін ауру жоқ. Тәжтажалды да өзінің шыққан ініне қуып тығамыз. Биылғы Тышқан жылын жақында үлкен жеңіспен бастаймыз!,- деп Ата-тышқанның басынан сыйпады.

Ата-Тышқан отбасы мүшелеріне:

– Көрдіңдер ме, біздің де Адамдарсыз күніміз жоқ. Біз адамдармен біргеміз!,- деп Адамның Анасы қойған сүт пен етті жеп өз жолдарымен кетті.

madeniportal.kz