ТОКИО ТАУҚЫМЕТІ

2013 жыл, 7 қыркүйек. Халықаралық Олимпиада Комитетінің ығайлары мен сығайлары Аргентина астанасы – Буэнос-Айресте бас қосқан-ды. Бұл басқосудың үлкен мәні бар еді. Дәл осы күні 2020 жылы өтетін жазғы Олимпиада астанасы көпшілікке жария етілді. Олардың таңдауы самурайлар елінің бас қаласына түскен екен. Алайда, Олимпиада комитетінің сол кездегі мүшелері осыдан алдыңғы Токиода өтуі тиіс Олимпиадалардың әлемге қандай әсер тигізгенін білмеген де еді. Мүмкін білген де шығар?!

Бәрі түсінікті болуы үшін әңгімемізді басынан бастайық. Токио – жазғы Олимпиада ойындары өткен Азия құрлығындағы алғашқы қала. 1964 жылы самурайлар елінің астанасында әлемнің кіл мықтылары бақ сынасқан-ды. Алайда, Азия құрлығындағы алғашқы дүниежүзілік дода бұл Олимпиададан 24 жыл бұрын өтуі тиіс болған. 1940 жылғы ойындардың өтетін орны ретінде Токио таңдалған. Алайда, 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанып, Олимпиаданы кейінге шегеру ұсынысы қаралған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қарамастан Олимпиада ойындары Токиода өте де берер ме еді, егер дәл сол жылы Жапония әскері Қытайға баса-көктеп кірмегенде…

Осы саяси оқиғадан соң ХОК жазғы Олимпиаданы Финляндияның астанасы Хельсинкиде өткізуді ұйғарады. Бірақ, алапат соғыстың өрті жуық арада сөнбесін ескеріп, ойындарды өткізуді тоқтатады. Арада бір жыл өткен соң екінші дүниежүзілік соғыстың майданына сол кездегі ең алып мемлекеттердің бірі КСРО-ның кіргенін білеміз. Міне, осылайша Токиода өтуі тиіс Олимпиада басқа қалаға ауыстырылып, кейіннен тіпті тоқтатылды. Токио Олимпиада астанасы ретінде таңдалған уақытта адамзат тарихындағы ең үлкен шығын әкелген соғыс өрті тұтанып кетті. Айтуды ұмытып барады екенбіз, дәл осы Олимпиада ойындарына алғаш рет әуе ұшқыштарының сайысы енгізіліп, оған қатысатын атлеттер де жолдама алып қойған. Бұл сайыс түрі Олимпиада бағдарламасына сол күйі ене алмай-ақ кетті.

1964 жылы жазғы Олимпиада ойындарының астанасы ретінде тағы да Токио қаласы таңдалды. Бұл кезде де әлем үшін әсері орасан болған тағы бір оқиға орын алған-ды. Токиодағы кезекті Олимпиада ойындары тағы да өтпей қалудың аз-ақ алдында тұр еді. Бұған да сол соғыс себеп болып еді.

1964 жылы Вьетнамда соғыс өрті бұрқ ете қалды. 1955 жылы басталған Вьетнамдағы азаматтық соғыстың ауқымы кеңейіп, дүние жүзінің біраз елін қамтыды. Оның ішінде АҚШ, КСРО, ҚХР, Жапония, Оңтүстік Корея секілді алпауыт елдер бар еді. Вьетнамдағы бұл қырғын ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ең алапат соғыс ретінде бағаланған. Бұл соғыс кезінде Вьетнамның 1,1 млн. сарбазы, 2 млн. бейбіт тұрғыны ажал құшты. Үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кетуі мүмкін осы оқиғадан соң Олимпиада комитеті Токиодағы ойынды кейінге шегере тұрды. Соның салдарынан жазғы Олимпиада күзде өтті.

Биылғы Олимпиаданың Токиода өтуі тиіс болғанын баршамыз білеміз. Алайда, қазір жер-жаһанға таралып жатқан COVID-19 індетіне байланысты барлық ірі форумдар, спорттық шаралар кейінге шегерілді. Оның ішінде Токио Олимпиадасы да бар. Олимпиада ойындарының бірнеше сайысы бойынша жолдамалық турнирлер өтіп қойған еді. Алайда, ХОК төртжылдықтың басты додасын 2021 жылы өткізу туралы шешім қабылдады. Токиода өтуі тиіс Олимпиадалардың осындай әлем халқын әуре-сарсаңға салған оқиғалармен тұспа-тұс келуі сәйкестік пе? Әлде бұл жерде қандай да бір тылсым сырлар бар ма? Оны білмедік. Әйтпесе осы уақытқа дейін Жапонияның өзге қалалары қысқы Олимпиада ойындарын 2 рет қабылдап үлгерген. Нагано мен Саппоро қалаларында қысқы спорттың дүлдүлдері бас қосып, ың-шыңсыз сайыс өткізген.

Жалпы, жазғы Олимпиададан бөлек бірнеше ірі халықаралық спорттық сайыстардың да өтетін уақыты ауыстырылды. Олардың қатарында футболдан Еуропа чемпионаты, Формула-1 сайысы, хоккей және мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты, теннистен Федерация кубогының финалы секілді ірі сайыстар бар. Футболдан «қарт құрлықтың» додасы келесі жылы өтетін болды. Бұдан бөлек, спорттан әлемдегі барлық ішкі біріншіліктер тоқтатылды. АПЛ, Ла-Лига, Бундеслига, А-сериясы, халықаралық баскетбол ассоциациясы, халықаралық хоккей лигасы сынды ірі қаржылық чемпионаттарға тоқтау салынды.

Жанкүйерлердің стадиондарға, спорттық ареналарға жиналуына тыйым салу арқылы эпидемияның таралу ауқымы азайғандай. Қазіргі таңда Еуропада COVID-19 індетіне шалдыққандар саны бойынша Италия мемлекеті көш бастап тұр. Оның ізін ала Испания келе жатыр. Бұл елдердегі індеттің көп таралуына спорттың да қатысы бар. Еуропа чемпиондар лигасының 1/8 финалында италиялық «Атланта» мен испаниялық «Валенсия» клубтары кездескен. Мамандардың айтуынша, стадионға келгендердің арасында індет жұқтырғандар болған. 45 мың адамды бір мезетте құшағына сыйдырған Римдегі осы стадион эпидемияның негізгі таралу ошағы ретінде айтылады. Испаниядан сүйікті командасына қолдау білдіру үшін келген 10 мыңнан аса жанкүйер ойыннан соң Рим, Милан қалаларында армансыз қыдырған екен.

Эпидемиолог мамандардың айтуынша, вирустың таралуы бәсеңсіген уақыттың өзінде стадиондарға жанкүйерлерді кіргізу қауіпті екен. Мамандардың айтқанына құлақ ассақ, Еуропадағы фанаттарының шуынан құлақ тұнатын стадиондар тек қыс айларына жақын жанкүйерлерді кіргізе алады. Қалай десек те қазір дүние жүзі спорты ұзақ демалыста жатыр. Бәрі де Сіз бен біз өмір сүріп отырған әлемнің қауіпсіздігі үшін.

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».