«ҚЫЗҒАЛДАҚ ЖОЛЫ» 2021 ЖЫЛҒА АУЫСТЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласының логотипінде қызғалдақ бейнеленсе, осы таңба ең алғаш қаланың туристік бейнесі ретінде танылғаны белгілі. Бұл – Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген «Қазақстан – қызғалдақтың отаны» дейтін ойын құптайтын тамаша жалғасына ұласқандай болды. Осы орайда, Шымкент қалалық Туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Шынтаев мырзаға жолығып, қызғалдақ пен туризм тақырыптары аясында сөз қозғап едік.

— Олжас Маратұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Табыс тілейміз!

— Рақмет!

— Олжас мырза, қала логотипінде қызғалдақ бейнеленіп, «Қызғалдақты қала» атана бастаған мегаполисте ішкі және сыртқы туризмді дамытуда осы қызғалдақты пайдалану жоспарда бар ма? Атқарылған және атқарылғалы тұрған істеріңіз туралы айтып берсеңіз.

— Бүгінде Шымкент қаласының логотипі ретінде қызғалдақ гүлі таңдалғаны белгілі. Сондықтан ішкі және келу туризмін дамыту барысында негізгі бренд ретінде қолданылып келеді. Атап айтқанда, Туризм басқармасы тарапынан жыл сайын шығарылып отырған жарнамалық-ақпараттық материалдарда (бүктемелер, кітапшалар, сувенирлік бұйымдар) қала логотипі міндетті түрде бейнеленсе, қазіргі таңда қызғалдақ гүлінің киізден әзірленген сувенирлік нұсқасы шығарылды.

Аталған танымдық материалдар мен сувенирлік бұйымдар қазақстандық және халықаралық туристік іс-шараларда таныстырылып келеді.

— Сіз басқаратын басқарма тапсырысымен Дендросаябақта орнатылған «Қызғалдақ» монументі жайында кеңірек айтып берсеңіз. Мағынасы, мақсаты, авторы туралы қоса кетіңізші.

— 2019 жылы Шымкент қаласының Дендросаябағында басқарманың тапсырысы бойынша «Қызғалдақ – Оңтүстіктің мұрасы» инсталяциясы қойылған болатын.

Композицияның идеясы қазақ дүниетанымымен, яғни табиғат пен адамның тұтастығымен тығыз байланысты. Ежелгі аңыздарда, көктем келгенде Жер-ана оянып, барлық тірі жанға Ұлы даланың үздік гүлдерін сыйлайды деп айтылған.

Жыл сайын Алатау мен Қаратау торабында мыңдаған Грейг, Кауфман және Шренк қызғалдақтары гүлдей бастайды. 2000 жылдай бұрын олар осы жерден дүниежүзілік сапарын бастап, қазіргі көптеген қызғалдақ түрлерінің түбі болды. Сондықтан Қазақстанның Оңтүстік өңірі осы әдемі көктем гүлінің «отаны» болып саналады.

Көктемде Шымкенттегі ең әдемі маусым басталады. Осы кезде жыл сайын миллионнан астам гүлдер отырғызылатын қала жарқын бояулармен құлпырады.

Ал біздің мақсатымыз – осы ерекшеліктерді, оның ішінде қызғалдақтың тарихи маңыздылығын қала тұрғындары мен қонақтарына жеткізу, насихаттау.

Қазіргі таңда сол мүсін аумағында «Қызғалдақ – Оңтүстіктің мұрасы» тақырыбын кеңінен 3 тілде (қазақ, орыс және ағылшын) баяндап, түсіндіріп беретін арнайы QR-тақтайша қойылды.

— Былтыр Туризм басқармасының басшысы қызметінде болған Т.Ахметов бізге берген сұқбатында Дендросаябақта «Қызғалдақ» монументі орнатылып, оның айналасында «Қызғалдақ алаңқайы» ашылатынын, ол жерде Қазақстанда кезігетін 35 түрлі жабайы қызғалдақ түрлері егіліп, олардың әрқайсысы тұсында қандай қызғалдақ түрі екенін таныстыратын тақтайшалар орнатылатынын айтқан болатын. Биыл «Қызғалдақ маусымы» қайта келді, айтылған жоспарлар орындалды ма? Монумент маңында қандай қызғалдақ түрлері егілді, егілсе саны және түрлерін айтыңызшы.

— 2018-2019 жылдары Дендросаябақ аумағында қызғалдақ аллеясын ашу жоспарланған болатын. Алайда, белгілі себептерге байланысты қазіргі таңда жұмыстар уақытша тоқтап тұр.

Ал, «Қызғалдақ – Оңтүстіктің мұрасы» инсталяциясы аумағында 2019 жылы бірнеше қызғалдақтың түрінен 2000-ға жуық түп гүл отырғызылып, қазіргі таңда гүлдер жайқалып, Дендросаябақ аумағының сәнін кіргізуде.

— Былтырғы жылы «Қызғалдақ жолы» деп аталатын фестиваль өтіп, халықтың әжептеуір қызығушылығын тудырған болатын. Биыл бұл шара өтуі қаралған ба еді? Жалпы осы шара туралы да айта кетіңізші

— Былтыр Туризм басқармасының бастамасымен бірінші рет «Қызғалдақ жолы» мерекелік фестивалі өтті. Фестивальдің басты мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қызғалдақтың тарихи отаны Қазақстан екенін, оның ішінде Оңтүстік өңірінен шыққанын насихаттау болып табылады. Былтырғы фестивальге қала тұрғындары мен қонақтары, барлығы 10000-ға жуық адам қатысты. Фестивальді жыл сайынғы дәстүрлі мерекеге айналдыру көзделді.

Осы орайда, басқарманың жылдық жоспарына сәйкес ағымдағы жылы «Қызғалдақ жолы» фестивалін жоспарға сай сәуір айының бірінші жартысында өткізу жоспарланған болатын. Алайда, бүкіләлемде орын алып отырған пандемияға байланысты, ҰР Президенті  Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен республика аумағында төтенше жағдай жарияланып, барлық іс-шаралар тоқтатылды. Сондықтан «Қызғалдақ жолы» фестивалі биылғы жылы өтпейді деген шешім қабылданып, 2021 жылға ауыстырылды.

Фестивальдің өзіндік тарихи маңызы болғандықтан, бұл шара міндетті түрде келесі жылдан бастап жыл сайынғы негізде өткізілетін болады. Сондай-ақ, фестиваль қатысушаларының географиясын кеңейту де жоспарда бар.

— Бұған дейін Шымкент қаласы аумағында жабайы қызғалдақ түрлерінен әр-әр жерде Грейг қызғалдағы кездесіп қалғаны болмаса, жалпы табиғи түрде кездеспейді деп саналған. Биыл Абай ауданына қарасты Ақтас шағынауданы аумағынан Түркістан қызғалдағы топтанып өсетіні туралы ақпарат таралды. Осы және өзге де табиғи қызғалдақтарды насихаттау туралы ойларыңыз бар ма?

— Жалпы, жоғарыда жасалып отырған дүниенің барлығы осы «қызғалдақ» гүлдерін, оның Қазақстан жерінен шыққанын насихаттауға бағытталған. Алдағы уақытта Туризм басқармасы тарапынан интерактивті альбом шығарылатын болады және сол альбомда қызғалдақ тақырыбына арналған арнайы 3 тілде ролик жүктеледі, сувенирлік бұйымдар шығарылып, фотокөрме ұйымдастырылады.

— Әңгімеңізге рақмет! Ісіңіз алға баса бергей!

Әңгімелескен С.Дүйсебайүлы

http://kyzmet-gazeti.kz/