БҮГІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЦИРК КҮНІ

Цирк өнерінің тарихы терең болғанымен  бұл ғажайып өнер иелерінің төл, кәсіптік мерекесі жақында ғана қолға алынған іс.

 2010 жылы Халықаралық цирк Қауымдастығы Монако ханшайымы Стефанияның демеушілігімен сәуірдің 3-інші сенбісін  Цирк күні етіп  салтанатты түрде, мерекелік рухпен өткізейік, сол арқылы цирк қызметкерлерінің  кәсіптік ынтымағын, достық қарым-қатынасын арттырайық, — деген ниетпен бастама көтереді. Содан бері бұл күн Халықаралық Цирк күні ретінде аталып келеді.  Ақпарат алмасу, фестивальдік шаралар,  жаңа цирк ұжымдарының ұйымдасуына қолдау көрсету, өзара қарым-қатынас тез арада шығармашылық иелеріне тың серпін берді.

      Қауымдастық бүгінде Мәскеуде өтетін дәстүрлі  «Идол», Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Азия жаңғырығы» фестивальдарына белсене қатысып, цирк өнерінің жалпы деңгейін, рекордтық жетістіктерін саралап, Монте-Карлода өтетін фестивальге шақырып, шығармашылықты ынталандырып отыр. Монакода орналасқан аталған қауымдастықтан құттықтаулар да келіп жатады.

       Құрылғанына небәрі 8 жыл болған «Шымкент-цирк ұжымы да тез арада кәсіптік шеберліктерін асырып, мәртебелі байқауларда биіктен көріне отырып, Қауымдастықтың  мүшесі ретінде өз орнын айқындай алды.

50  жылдық тарихы бар Қазақ мемлекеттік циркінің (республикада 3 қана кәсіптік цирк бар) құрамдас бір бөлігі деп танылатын ұжым акробаттар мен гимнастардың, жонглерлық, вольтиж, эксцентрика, иллюзия өнерлерінің небір шеберлерін дайындап, кезең-кезеңімен жаңа қойылымдар дайындап, көрерменін таң қалдырып келеді. Кермелі арқанда еркін жүріп өнер көрсететін ағайынды Сұраншиевтер,  керемет ептілік пен ержүректілікті, тепе-теңдіктің  жоғарғы нұсқасын талап ететін «Семафор» аттракционындағы хас шеберлер, Қ.Дүйсеқұловтың жетекшілігідегі шабандоздар тобының, қазақ қыздарының ішінде бүгінгі таңда  топ жарып, жеке дара жыртқыш аңдармен өнер көрсететін дрессура шебері Ж.Қалметованың тәуекелі, Е.Таңатов, Ә.Әбдразақтардың  көңілді әзілдермен көмкерілген клоундық ойындары көрермен қиялын аспандатып, алысқа жетелейтіні бар. Ал, 2019 жылғы «Азия жаңғырығы» фестивалінің қос жүлдегері «Байқоңыр» және «Серіппелі тақтайлар» нөмірлері Шымкент қана емес, ұлттық өнердің алтын қорына кірген дүниелер.

       Шымкент-цирк әртістері өз өнерлерін Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Қызылорда, Тараз, Түркістан қалаларында көрсетті.

Цирк толыққанды ойын бағдарламаларын, сондай-ақ, шапито нұсқасымен көптеген аудан орталықтары, қалаларда көрсетуді дәстүрге айналдырған.

         Өнердің биік мұраттарына берік  «Шымкент-цирк» ұжымы өз әріптестерін төл мерекесімен құттықтай отырып, көрермендеріне мықты денсаулық, жарқын көңіл күй тілегін жеткізе отырып, цирк күмбезі астында таңғажайып қойылымдарда, өнер мерекесінде кездесеміз деп сендіреді.

А.Әлихан