ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ УАҚЫТША ТОҚТАТЫЛАДЫ

Бұл туралы Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев мәлімдеді.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін, тұрғындардың өмірін және денсаулығын қорғау мақсатында, 2020 жылғы 18 сәуірдегі Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің №11 Қаулысына сәйкес, 2020 жылы 19 сәуірден 1 мамырға дейін қалалық қоғамдық көліктің жұмысы уақытша тоқтатылады, — деді Н. Сүгірәлиев.

Айта кетсек, Шымкент қаласының барлық аумағында 2020 жылдың 19 сәуірі сағат 00:00-ден бастап 01.05.2020 жылы сағат 07.00-ге дейін бірқатар шектеулер енгізіліп отыр. Қаулыға сәйкес, қалада қоғамдық көліктер жұмысын уақытша тоқтатады. Дегенмен, қалада арнайы тіркелген 11 такси компаниясы жұмысын жалғастырады. Оларда 2 адамнан артық жолаушы алуға болмайды. Тіркелмеген такси қызметіне рұқсат етілмейді.

Шымкент қаласы төтенше жағдай жөніндегі штабы