НАЗАРБАЕВ: МАМЫР АЙЫНДА АЗАМАТТАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУДІҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫН БАСТАЙМЫЗ

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады. Кездесу барысында ол көмекке зәру жандарға көмек көрсетудің екінші толқыны туралы айтты, — деп хабарлайды Dedim.kz ақпарат агенттігі Elbasy.kz -ке сілтеме жасап.

Елбасы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдау кезінде осылай айтты. Бұған дейін «Birgemiz» қорынан 152 мыңнан астам отбасына 50 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетілген еді. Енді жұмыс жалғасады. «Біз бұл жұмысты жалғастыруымыз керек. Мамыр айының басынан бастап халыққа көмек көрсетудің екінші толқынын бастаймыз. Бұл Үкімет бөліп отырған көмектен бөлек қосымша қолдау», — деді Елбасы. Әрі төтенше жағдай кезінде мемлекеттік шараларды қолдау және мұқтаж адамдарға көмек ұйымдастыру бойынша «Nur Otan» партиясының белсенді жұмысына тоқталды. «Пандемия бүкіл адамзатқа қауіп төндіріп тұр. Президент пен Үкімет қиын жағдайға тап болған адамдарды, көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарды көмекпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдады. Осы орайда партияға мемлекеттік шараларды қолдау бойынша белсенді жұмыс істеуді тапсырдым».

«Birgemiz» қоғамдық қоры пандемияға байланысты құрылғанын білеміз. Бүгінге дейін талай мұқтаж отбасы материалдық көмек алды. Ал қиын сәтте бұған қаржылай көмек қолын созған жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер еді. «Birgemiz» қорына біраз қаражат жиналды. Осынау қиын кезеңде мұқтаждарға көмек ұйымдастыру мақсатымен менің қор құру жөніндегі бастамамды қолдағаны үшін Қазақстанның бизнес қауымдастығына алғыс айтқым келеді»,- деді Назарбаев.

Бұл ретте, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері мен еріктілерінің де үлесі зор. 3 мың жуық ерікті Қазақстан бойынша 50 мыңнан астам отбасын ең қажетті тауарлармен қамтамасыз еткен еді. Оларға да алғыс айтқан Елбасы дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық өсімді қамтамасыз ету мәселелерін де қағыс қалдырмады. «Президент те, Үкімет те осы қиын уақытта бәріне көмектесу үшін барынша жұмыс істеп жатыр. Коронавирус пандемиясы өтеді, алдағы уақытта біздің алдымызда экономиканы қайта қалпына келтіру мәселесі туындайды. Біраз адам жұмыссыз қалып, экономика бәсеңдеді. Жағдайдың жақсаруына қарай бизнестің кейбір түрлеріне қызметін жандандыру үшін жеңілдік жасаған жөн деп ойлаймын. Кәсіпкерлер өзін және айналасын қорғау үшін барлық тиісті шараларды қабылдауы керек», — деді Елбасы