ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША ЕҢ ҮЛКЕН АВТОМАТТЫ ГАЗ-РЕТТЕГІШ СТАНСАСЫ САЛЫНУДА

Көгілдір отынды қабылдап алып, қажеттіне қарай бөліп таратып отыратын орталық биылғы күзде пайдалануға берілмек. Ол сағатына 250 мың текше метр газ таратуға қауқарлы.
Соңғы үлгідегі заманауи қондырғы миллионды қала тұрғындарын толықтай газандандыруға күші жетеді.Шымкент қаласындағы №3 автоматты газ-реттегіш стансасының құрылыс жұмысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов мердігерлермен жұмыс барысын пысықтап, сапаға мән беруді жүктеді.


Шымкенттегі №3 автоматты газ-реттегіш стансасы жоспар бойынша 2021 жылы пайдалануға берілуі керек. Дегенмен, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының пәрменімен құрылыс биылғы жылдың соңында ел игілігіне тапсырылатын болды.
Қала әкімдігінің жұмысты ұтымды үйлестіруінің арқасында қарапайым жұрт қана емес өндіріс те жүз пайыз көгілдір отынмен қамтылатын болады. Себебі шаһардағы кейбір ірі кәсіпорындар көгілдір отынсыз жұмыс істей алмайды. Оған қоса былтырдың өзінде жүздеген кәсіпкер газ жеткізіп беруді өтінген.
Осындай мәселелерді тереңінен талдаған қала әкімі стратегиялық жобаның мерзімінен бұрын жүзеге асуына негіз болды. Бұл жасыл қала экономикасының қарыштап дамуына серпін бермек.
Қала басшысы жыл басынан бері негізгі басымдықты стратегиялық маңызды жобаларға жұмылдырып, автоматты газ реттегішінің құрылысына қажетті қаржыны дер кезінде бөлдірді. Соның арқасында қала тұрғындары енді табиғи газдан еш қысым көрмейтін болады.


Газ құбырының жалпы ұзындығы 58 шағырым. Оның 20 шақырымы «Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистралды газ құбырынан автоматты газ реттегіш стансасына дейінгі аралықты қамтиды. Ол жерге сиымдылығы 426 диаметрлі жоғары қысымды газ құбыры тартылуда.
Үшінші автоматты газ реттегіш стансасынан екі бағытта құбыр желісі тартылады. Батыс құбыр желісінің ұзындығы 22 шақырым. Оның 16 шақырымы біткен. Шығыс бөлігі бойынша 16 шақырымның 12 шақырымы тартылған. №3 автоматты газ-реттегіш стансасы іске қосылған жағдайда сағатына 250 мың текше метр газ тарата алады.
– Құбырлар жерде бір біріне жалғанып сығымдау жұмыстары жүргізіліп болған соң барып жерге көміледі. Дәнекерленіп жалғанған жерлері арнайы су өткізбейтін және шірімейтін материалдармен қапталады. Құбырдың өзі 50 жылға жарамды, дейді «StoryGaz Company» ЖШС өкілі Сұлтан Қалиақпаров.
Жобаның жалпы құны 9 миллиард теңгеден асады. Құрылыс негізі үш жылға жоспарланған екен. Мердігер компания нысанды биыл күзде ел игілігне беруді межелеп отыр.


Шымкент қаласы бойынша 81 шағынаудан мен тұрғын алап бар. Бүгінде оның 92%-ы «көгілдір отымен» қамтылған. Қалаға кейіннен қосылған 9 шағынаудан мен тұрғын алапқа газ тарту бойынша қажетті сметалық құжаттар дайындалып, құбыр тарту жұмыстары жүргізілуде.
– Станса құрылысы аяқталса, қаладағы шағынаудандар мен жүздеген өндіріс орындары да отандық көгілдір отынмен қамтылады, дейді қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаманкөз.
Шымкенттегі №3 автоматты газ-реттегіш стансасының жұмысымен танысып шыққан қала әкімі Мұрат Әйтенов төтенше жағдай кезінде жұмысшылардың қауіпсіздігін ескеруді жауаптыларға жүктеді.